Босанғаннан кейін әйелдің ағзасында елеулі өзгерістер болатыны құпия емес: ішкі күйі де, сыртқы жағдайы да өзгерістерге ұшырайды. Бірақ жас ана, әрине, тартымды көрініп және өзін жақсы сезінгісі келеді. Біз ана және фитнес блогері Анна Карповамен сөйлесіп, энергияны, мүсінділікті және жақсы көңіл-күйді қалай қалпына келтіруге болатынын білдік.
Режим
Күн режимі бала үшін ғана емес, ана үшін де маңызды. Алдымен барлық күнделікті істерді жеке қағаз параққа жазыңыз. Сіз сәби қашан ұйықтайтынын, қашан тамақтанатынын және қашан серуендейтінін білесіз. Содан кейін осы қайталанатын әрекеттерді мұқият талдап, өзіңіздің күнделікті режиміңіздің қандай болатынын шешіңіз. Мысалы, көшеде сіз орындықта отыра бермей, уақытты белсенді өткізе аласыз: сәби бесік арбада ұйықтап жатқан кезде жаттығу жасап немесе тез жүріп, не болмаса қоршаған кеңістікті қарап жүре аласыз.
Сіз барлық әдеттегі әрекеттерді бір уақытта жасай бастағанда, күнді жоспарлау оңай болады және денсаулығыңыз да жақсаратын болады: сәби сізді қыңырлығымен мазаламайды, сіз жеткілікті ұйықтай бастайсыз және уақтылы тамақтанатын боласыз. Сонымен қатар сізде жаттығуға, жылы душқа немесе күйеуіңізбен араласуға уақыт пайда болады.
Тамақтану
«Мүсінділік — бұл жаттығулардан басқа, дұрыс, теңдестірілген тамақтану. Көкөністерді көбірек жеп, лимон қосылған су ішіңіз және әр сәтте өзіңізге деген сүйіспеншілікті білдіріңіз!»— деп кеңес береді Анна. Аналар, әдетте, балаға қамқорлық жасауда жанын аямайды, ал өздеріне болса уақыт мүлдем қалмайды. Бұл дұрыс емес: өзіңізді жақсы көріңіз және өзіңізге қамқорлық жасаңыз – сонда сізде кәмпиттер мен фри картобын жеуге деген ынта болмас. Өз денеңіз жаңа піскен көкөністер, көк пен таза суды қажет ететінін байқататын болады. Денеңіз беретін сигналдарға құлақ аса бастағанда, дұрыс тамақтану өмір сүру нормасына айналады және сізге кез-келген диетаны ұстанудың қажеті болмай қалады (олардың көпшілігі, айтпақшы, өте зиянды және босанғаннан кейін қалпына келіп жатқан әйел ағзасына жарамайды).
Тоңазытқышта әрдайым балауса және пайдалы тағамдар бар екеніне көз жеткізіңіз, мысалы, табиғи йогурт, айран, гипоаллергенді көкөністер мен жемістер (егер сіз емшек сүтімен емізетін болсаңыз, бұл өте маңызды болып табылады).
Жаттығулар
Бала босанғаннан кейін сіздің денеңіздің өзгергені қалыпты нәрсе. Уайымға жол бермеңіз, себебі бірте-бірте бұрынғы мүсінділікті қайтара аласыз немесе тіпті одан да тартымды бола аласыз! Күнделікті таза ауада серуендеу (күніне кемінде 10 мың қадам) және аптасына 2-3 толық жаттығу сіздің денсаулығыңыз бен сыртқы келбетіңізге оң әсер ететін болады. Өзіңізге ең қызықты физикалық белсенділіктің түрін таңдаңыз: жүзу, йога, көшеде немесе залда жаттықтырушымен онлайн режиміндегі жаттығулар. Бастапқы кезде, фитнеске уақыт бөлу оңай болмайды, бірақ бір айдан аз уақыт өткеннен кейін, сіздің денеңіздің өзі әдеттегі жүктемені талап ететін болады. Жаттығу жасау кезінде ағзада эндорфиндер бөлінеді — демек, сізде қуанышқа көбірек себеп пайда болар!
Анна сонымен қатар ескертеді: «Үнемі жаттығу жасаудың бірінші айында салмақ пен көлем баяғы деңгейде қалуы мүмкін. Көбі нәтижені байқамай, табысқа қол жеткізбестен бәрін тастай салады. Бұл кезеңдегі сіздің міндетіңіз – жаттығу процесіне тартылу, оны өміріңіздің бір бөлігіне айналдыру. Салмақ болса міндетті түрде азаятын болады, сәл шыдамды болыңыз!»